Түркістандағы жанжал шыққан мектептегі оқушының анасы Қазақстан президентіне үндеу жазды

Түркістандағы жанжал шыққан мектептегі оқушының анасы Қазақстан президентіне үндеу жазды

8 января, 2020 Выкл. Автор admin

Қазақстанның президентіне Түркістандағы жанжал шыққан мектептегі оқушының анасы үндеу жазды. Ол мемлекет басшысынан полицейлерді қолдауды сұрайды деп хабарлайды vera.kz.

Әйел ел президенті Қасымжомарт Тоқаевтың жеке қабылдауына оның екі қызы оқитын мектептің мұғалімдері мен полицейлер арасында болған шиеленіске байланысты полицейлерді қолдауды сұрап бейнеүндеу жолдаған. Оның кіші қызы мектеп жанында қарауылдап жүрген педофилдің құрбанына айнала жаздаған. 12 жасар қыз үстіміздегі жылдың қазан айында сабақтан қайтып келе жатып, бейтаныс еркектен зардап шеккен.

«Әдетте қызымды үнемі ағасы күтіп алатын, бірақ сол қырсық кеште үлгере алмаған. Сағат 19.30-дар шамасында аялдамадан үйге қарай қараңғы көшеде қызыма белгісіз біреу тап берген. Осының бәрі үйден 300 метр жерде көшеде орын алған. Айналамызда көршілер аз, көшеде адамдар бола бермейді, дегенмен, ғайыптан тайып біреу әлгі еркекті үркітіп жіберген. Қызым үйге ебіл-дебіл жылап келді. Онымен Шымкенттегі психолог мамандар жұмыс істеді. Қызым мектепке баруға қорқады, қазір де онымен психологтар жұмыс істеуде» – деді ана.

Мектеп оқушысына шабуыл жасау фактісі ҚР ҚК-нің 121-бабының 4-тармағымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Болжалды қылмыскер іздестірілуде, оған қатысты бағдар барлық мектептерге жолданған, алайда ананың айтуынша, қызы оқитын мектепте ешқандай қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған. Бұдан бөлек соңғы күндері аталған мектепте полицейлердің қатысуымен жанжал орын алғандықтан, көп балалы ана ел Президенті мен қоғамға үндеу жариялауды қажет деп тапқан. Әйелдің бейнежазбасын жариялауға құқымыз болмауына байланысты мәтінінің нұсқасын ұсынамыз.

«Құрметті еліміздің президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев! Мен бес баланың, сондай-ақ бейтаныс еркектің шабуылынан зардап шеккен 12 жасар қыздың да анасымын. Полицейлердің бір болжамы бойынша педофил Түркістандағы №15 мектептің қасында бейтаныс еркек қызымды аңдып, сонымен бірге микроавтобусқа мініп, қылмыс орнына дейін барған. Қызымды Алла қолдап, қылмыскер арам әрекетін жүзеге асырып үлгермеді. Бірақ мен бұл сұмдықтың қайталанғанын қаламаймын, себебі әлгі қаскөй жақын жерде жүр ғой. Осы оқиғадан кейін мектеп директоры да, аудандық білім басқармасы да менің балама онша назар аудармады, бір рет сынып жетекшісі мен мектеп психологы ғана келді, ал Түркістан полициясының бастығы менімен үнемі байланыста болды. Біз көп әңгімелестік, сосын мен одан мектептегі балалардың қауіпсіздігін өз қолына алса екен деп сұрандым, себебі онда менің үлкен қызым да оқиды. Педофил бостандықта, сондықтан басқа балаларға да алаңдаймын. Отбасымызға түскен сынақты өзгелердің де бастан кешкенін қаламаймын. Біз бұл оқиғаны жариялағымыз келмеген еді, алайда қазіргі жағдай осыған әкеліп отыр. Полицейлердің кенеттен келіп, мұғалімдерге балалардың қауіпсіздігі туралы еске салулары дұрыс деп есептеймін. Қалалық білім басқармасы мен мектеп менің қызымның басынан өткен жағдайдан кейін қауіпсіздікті күшейтулері керек еді деп санаймын, бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Мен ата-ана ретінде полиция басқармасының бастығы Данияр Мейрханның әрекетін қолдаймын. Міне осы кісіні ғана балалардың, тіпті өзгелердің балаларының қандай жағдайда оқып жатқаны алаңдатады. Өзім бастауыш сынып мұғалімімін, мұғалім мәртебесі мен үшін де өте маңызды. Дегенмен, әріптесімнің формадағы адамдармен өзін дөрекі ұстағаны дұрыс болмады деп санаймын, сол себепті бұл жағдайда полицейлердің әрекеттерін қолдаймын. Өз ісіне шын берілген Данияр Мейрханды жазалап, онымен қоймай қызметінен шеттеткендері дұрыс емес деп есептеймін. Ондайлар тым аз. Түркістан халқы да біледі. Біздің қаламызға Данияр Мейрхан келісімен қаламыздың қауіпсіздігі нығайды, оның осында әлі де атқарар шаруалары көп. Жұмыс бабымен басқа қалаларға да жиі барамын, полицейлердің жұмысын көріп жүрмін. Олар біздің қорғаушымыз, жақсы жағына қарай өзгеріп жатқаны байқалып тұр. Егер азаматтарымыз полицейлерді сыйламайтын болса, онда бассыздық орын алары сөзсіз» – дейді зардап шеккен қыздың анасы президентке жолдаған бейнеүндеуінде.

Еске сала кетейік, 14 желтоқсанда әлеуметтік желілерді Түркістанда полицейлер мектеп мұғалімін әжетхана жанында кезекшілік атқармағаны үшін ұстап әкеткені туралы жаңалық дүр сілкінткен еді. Соңында анықталғандай, мектеп оқушыларының қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін тексеруге келген полицейлерге қарсы балағат сөз айқаны үшін дене тәрбиесі мұғалімін полицейлер ұстап әкеткен. Полицейлерді мектеп ішіндегі әжетхананың жабық болып, балалардың даладағы әжетханаға жүгіріп жүргендері, ал үлкендерден ешкімнің балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені ашындырған. Бұған қоса әжетхана маңы көшені түсіретін мектеп камерасына ілінбейді. Кейін дене тәрбиесі мұғалімі балағат сөздер айтқаны үшін полицейлерден кешірім сұраған, тәртіп сақшылары да өз тарапынан кешірім сұраған. Екі жақ та шиеленісті шешкен, соған қарамастан, полицейлердің іс-әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде, тексеру  кезінде Түркістанның бас полицейі қызметінен шеттетілді.

Версия на русском языке http://vera.kz/mama-uchenicy-oskandalivshejsya-shkoly-turkestana-zapisala-obrashhenie-k-prezidentu-kazaxstana/

Последние новости Туркестанской области: