«Қайырымдылық кәрзеңкесі» мұқтаж және қайырымды жандардың басын қосады
22 мая, 2021Қалалық чаттың қатысушылары отбасына азық-түлік, балаларына киім-кешек қажет немесе кеңес керек болған жандарды күн сайын тыңдауға дайын. Мүмкіндігінше қиын жағдайдан шығуға көмектеседі.
35 жастағы Лала Шепетованың өмірі қыздары мен жұбайы сұмдық жол апатына ұшыраған соң күрт өзгерді. Қазір төрт баласы да ұзақ уақыт оңалтуды қажет етеді, ал оның бағасы қымбат. Сол үшін азық-түліктен де үнемдеуге мәжбүр.
Бұл отбасы туралы жазған соң көмек жан-жақтан түсе бастады. Қайырымдылық қорлары мен Халық банкі азық-түлік пен киім-кешекпен көмектесті. «Nur Otan» партиясы балалар ел астанасындағы білікті дәрігерлерден ем алу үшін ұшаққа билет алып берді. Дегенмен, отбасының қарызы көп. Банктерге 1 миллион 700 мың теңге берешегі бар. Лала ай сайын осы несиелеріне 94 мың теңге төлейді. Азық-түлікке жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып істейтін жұбайының айлығы мен балаларының жәрдемақысынан қалған ақша әрең жетеді дейді. Оған қоса жалдамалы пәтерінің ақысын да ай сайын төлеуі қажет.
«Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасының шарапатын көрген Фаррух Рашитов оңалтудың бірінші курсынан өтті. Бұл І топтың мүгедектігі бар азаматқа аса қажет еді. Кереуетке таңылған жас жігіт «Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасына қатыспай тұрып 7 жыл бойы оңалту шараларына қатыса алмай келген болатын. 2013 жылы бассейнде секіремін деп, мойнын сындырып алған соң мүгедектік алған. Жұбайы сол жылы кетіп қалып, осы уақытқа дейін егде анасы мен жеткіншек қызы қамқорлық жасап келді.
“Оңалту орталығындағы 10 күн жақсы өтті. Денеме күш құйылғандай сезімдемін. Баршаңызға көп рақмет! Тек келесі оңалту курсын екі айдан кейін белгілеп отыр”, – дейді Фаррух Рашитов.
Фаррухтың тағдыры туралы vera.kz тілшілері 2020 жылдың желтоқсан айында жазған болатын. Ол туралы естіген Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бахытжан Позилов мәселені қолға алып, өзі кіріседі. Содан бері Фаррух бірнеше рет тексеріліп, созылмалы дерттерін емдеу курсынан өтті. Одан кейін Фаррух тегін оңалту курсынан өтуі үшін «Медикер» медициналық орталығына тіркелді.
Қазір «Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасының қарауында 40-тан астам отбасы бар. Жаны жомарт жандар оларға дәрі-дәрмек, түрлі заттар, азық-түлік пен мерекелік сыйлықтар алып келеді. Оларды таратуға «Ана жолы» қайырымдылық қорының әлеуметтік дүкені көмектеседі. Қазір әлеуметтік дүкеннен 600-ден астам адам ай сайын көмек алып тұрады. Мұқтаж жандардың арасында көп балалы аналар, жесір әйелдер, ерекше баласы бар отбасылар, жалғызілікті зейнеткерлер көп.
«Қайырымдылық кәрзеңкесі» – көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі. Біз мұнда көмек сұраған адамдар ғана емес, оларға қол ұшын соза алатын қайырымды жандар туралы да ақпаратпен бөліскіміз келеді.
«Қайырымдылық кәрзеңкесі» чатының сілтемесі: https://chat.whatsapp.com/FBvyTtB6Lr8Fv2uEza7ihl
Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.
Последние новости Шымкента: