«Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасы көмекке мұқтаж жандар туралы айтады
25 июня, 2021«Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасы көмекке мұқтаж жандар туралы айтады. ДЦП диагнозы бар балаларға арналған «Дом Артемисии» оңалту орталығы қайырымды қазақстандықтардың көмегімен жұмыс істеуде. Сол көмектің нәтижесінде балаларға оңалту процедуралары көрсетіледі.
Дегенмен, қор жетекшісі Ирина Черкасоваға балаларды оңалтудан бөлек түрлі тұрмыстық мәселелерді шешуге тура келеді. Қазір ол текпешекпен балаларды екінші қабатқа шығаруға арналған лифті сатып алу үшін алынған несиені өтеуге қаржы жинап жатыр. Бұған қоса кәріз жүйесінің мәселесін де шешу қажет. Себебі, осыншама адамы бар орталықтың шұңқыры толып қалуда.
«Біздің тұйық көшеге кәріз жүйесі жеткізілмеген. Біз «Су арнасы-Маркетинг» мекемесіне хабарластық, ондағы мамандар есептеп, жұмыс ақысы 1 миллион теңге болатынын айтты. Қызметіне алдын ала 700 мың теңге төлеу қажет, содан кейін бір аптада қазуды бастайды. Егер осы қаржы бойынша көмектесе алатын жандар болса, сіздерден қайырымдылық күтер едік», – дейді Ирина Черкасова.
«Дом Артемисии» оңалту орталығына көмек беріп, ДЦП диагнозы бар балалардың мүмкіндігінше көбірек оңалтудан өтуіне қол ұшын созғысы келетін жандар қаржыны Ирина Черкасованың Каспи голдына +7 702 688 10 01 нөмірі бойынша аударуына болады.
«Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасы оңалтудың екі курсынан өтіп, отыруға мүмкіндік алған жас келіншекке де көмектеседі. 5-қабаттан құлаған Жанна Алябьева бірнеше жылдан бері төсекке таңылған. Үйін тазалап, терезесін жуып жүргенде құлап кеткен. Қазір ата-анасы мен сіңлісі күтіп-бағады. Дегенмен, 6 және 2 жасар балалары бар ананың аяққа толық тұрып кетуіне көмек керек.
«Оңалту жақсы әсер етіп жатқанын сезінемін, аяғыма жан кіріп, башпайларымды, қол саусақтарын қозғалта аламын. Енді осы оңалтуды үзіп алмай, аяққа тұрып кететініме сенемін. Бірақ, маған осы курстардан үзбей өту үшін қаржылай қолдау қажет болып тұр. Себебі, өзімде және отбасымда мұндай ақша жоқ. Отбасында төртеуміз, және менің екі балам. Барлығы алты бала мен ата-анам және мен», – дейді Жанна Алябьева.
23 жастағы келіншек өзі туралы материал жарыққа шыққан соң карточкасына 30 мыңге аударылғанын айтады. Өкінішке қарай, бұл аз, себебі, оңалтудың бір курсына 450 мың теңге қажет. Егер сіз осы отбасыға көмектескіңіз келсе, онда қаржыны Каспи голдқа Жаннаның анасы Ольга Пушкареваның атындағы 8-701-565-17-23 нөміріне немесе 5169 4931 2333 2549 карточка нөмірі бойынша аудара аласыз.
Ата-анасының мүмкіндігі жоқ отбасылардың балаларына арналған ағылшын тілінің «Әлеуметтік курсының» жұмысы жанданып келеді. Қазір 11 баладан құралған топ сабақ өтуде. Тағы бір топ дайын. Бұл курсты «Ана жолы» қоры ашқан. Мұнда ата-анасының мүгедектігі бар отбасылардың балалары шетел тілін тегін үйрене алады. Ал қалыпты және толық отбасылардың балалары үшін оқу ақысы – 5 мың теңге. Курсқа +7 (702) 369-92-49 нөмірі бойынша жазылуға болады.
Еске сала кетейік, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» — көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі. Біз мұнда көмек сұраған адамдар ғана емес, оларға қол ұшын соза алатын қайырымды жандар туралы да ақпаратпен бөліскіміз келеді. Кейде қиын жағдайға тап болған отбасыға бір сөмке азық-түлік алып берудің немесе жалғызілікті қарияның шаруасына көмектесудің өзі үлкен қолдау болады. Мұндай қайырымдылықтан басқалар да үлгі алса деп жариялау да көмек.
Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.
Последние новости Шымкента: