Қоларбаға таңылған Ермек Қалымбетов: «Қоғамнан қол үзіп қалмаңыздар!»
28 июня, 2021«Қоғамнан қол үзіп қалмаңыздар!», қоларбаға таңылған Ермек Қалымбетовтың ұраны осы, деп хабарлайды vera.kz
«Мүмкіндігі шектеусіз!». Қоларбаға таңылған Ермек Қалымбетов бойындағы туа бітті ерекшеліктерге қарамастан, спорттағы жетістіктерді бірінен соң бірін бағындырып келеді. Әлемнің талай елін аралаған оған мүмкіндігі шектеулі деген диагноз да неке құрып, отбасы бақытын сезінуіне кедергі бола алмады.
Пара-би тобы Шымкенттегі Қажымұқан атындағы стадионға белгіленген мерзімде келді. Бишілер күнделікті қоларбадан өздерінің арнайы би арбаларына жеңіл ауысып, залға асығуда. Жаттықтырушы Дарья Жұмадиллаеваның айтуынша, бұл спортшылар ешқашан кешіккен емес, себебі, би жаттығуы – өмірлерінің ең керемет сәті. Залда оларға ерекше қанат біткендей болып, тағдырларына жазылған дертті бір сәтке ұмытады. Барлығына жұлын жарақаты деген бір диагноз қойылған.
«Шынымды айтсам, осы шәкірттеріммен жұмыс істегенде демалып қаламын, жаным жай табады. Жаттығу барысында шабыттанып, бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Ойымдағыны айтқызбай ұғып, қайталайды», – дейді пара биден жаттықтырушы Дарья Жұмадиллаева.
Бұл өнерпаздардың биіне қарап, толқыныстан бойың шымырлайды. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия және әлемнің пара-биден кубоктерінің иегері, 29 жастағы Ермек Қалымбетовтың орындауындағы қара жорға биі қоларбаға таңылған жандарға деген қоғам көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Сахнаға шығып, қайталанбас би қимылдарын орындаған ерекше жандарға қоларба кедергі емес, көмекші атанып кетеді. Ал биге келмей тұрып, өзінің еске алуынша, қоларбадағы жарыстарға қатысқан.
«Биге қатысу туралы ұсыныс жасалғанда, алғашында қысылдым, онша қаламадым. Қоларбадағы жеңіл атлетикамен шұғылданып жүрген едім. Дегенмен, бапкердің кеңесімен халықаралық би жарысын көргенде, шабылым келіп, би үйренуді бастадым. Міне, осылайша би әлеміне толық ендім десем болады», – дейді пара-биден ҚР спорт шебері Ермек Қалымбетов.
Ермек денсаулығы қалыпты әріптесімен бірге чемпионаттар мен әлем кубоктарында өнер көрсеткен. Соңғы жетістігі – Итальяның Генуя қаласында өткен әлем кубогіндегі үш үшінші орын. Ол жарыста бидің комби, комби-фристайл және соло секілді түрлерінен 5 міндетті жеке нөмір орындалды. Ал қазір Ермек жаңа әріптесі, өзі секілді ерекше жан, 20 жастағы сүйкімді Айдана Мұқановамен бірге әлем чемпионатына әдемі романтикалық би әзірлеуде. Ол сайыс қараша айында Оңтүстік Кореяда өтеді. Ермек мүмкіндігі шектеулі барша жандарға кедергі тек адамның өз қабылдауында екенін, кез келген жанның бақытты болуға мүмкіндігі барын айтады.
«Ерекше адамдардың көбісі тіпті далаға шығудан именеді, сырт көзден ұялады. Ал мен оларға ешкімнен, ештеңеден қысылмаңыздар дегім келеді. Мәңгілік ештеңе жоқ, қоғамға шығыңыздар, спортпен шұғылданыңыздар. Біреулеріңіз ән салып, енді біріңіз сурет саларсыздар. Бойыңызда бар кез келген өнерді дамыту керек. Ештеңені іште бүгіп қалмай, мынау әлемге ашылыңыздар»! – дейді Ермек.
Ермек қазір отбасылы, қазір қызы бар. Спорттағы жетістіктерімен қоса ол ән де салады, оңалту орталығында музыкалық жетекші болып істейді. Бойынан ертеңгі күнге деген сенімділік төгіліп тұр.
Еске сала кетейік, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» — көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі. Біз мұнда көмек сұраған адамдар ғана емес, оларға қол ұшын соза алатын қайырымды жандар туралы да ақпаратпен бөліскіміз келеді. Кейде қиын жағдайға тап болған отбасыға бір сөмке азық-түлік алып берудің немесе жалғызілікті қарияның шаруасына көмектесудің өзі үлкен қолдау болады. Мұндай қайырымдылықтан басқалар да үлгі алса деп жариялау да көмек.
https://chat.whatsapp.com/FBvyTtB6Lr8Fv2uEza7ihl
сілтемесі арқылы «Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасының чатына қосылыңыз.
Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.
Последние новости Шымкента: