«Жануарларға жаным ашиды» – Елена Харлампиди

«Жануарларға жаным ашиды» – Елена Харлампиди

22 июня, 2022 Выкл. Автор Анна Цурканова

Елена Харламиди қазір үйінде алты бірдей үй жануарын емдеп, жазып, асырап келеді. Айтуынша, көшеде иесіз қалған жануардың жанынан бей-жай өте алмайды. Тамақтандырып, суын береді. Содан кейін тағдырына алаңдайды. Ал соңы Еленаның асырап алуымен аяқталады. Себебі, бала кезден солай тәрбие алған.

«Мені ата-анам солай тәрбиелеген, төрт аяқты достарымызға үнемі жаным ашиды. Иесіз қалғанын, қиналып жүргенін көрсем, қасынан өтіп кете алмаймын, міндетті түрде тамақтандырып, суын беремін. Міне, қазір де үйімде алтауы бірдей жүр. Оларды тастап кете алмадым, асырайтын отбасы тауып бере алмасам да тамақтандырамын деп шешім қабылдадым», – дейді Елена Харлампиди.

Елена енді қызы Стефаниге де осындай тәрбие беріп жүр. Ол бала кезден армандаған мал дәрігері бола алмаса да енді жануарларды асырау орталығын ашуды жоспарлап жүр. Жүрегі кең, жаны ашығыш қыз ата-анасының қолдауымен бәрі сәтті жүзеге асады дейді.

«Мен де анам сияқты, иесіз жануарларды көрсем, көмектесуге тырысамын. Әрдайым тамақтандырамын. Себебі, олар бізден – адамдардан тек жанашырлық пен мейірімділік күтеді. Ересектер балаларға көмектесетіні сияқты, төрт аяқты достарымызға да қол ұшын созуымыз керек. Әсіресе, ауырып жатқан үй жануарларын көрсем, шыдай алмаймын. Бала кезде мал дәрігері болып, жануарларға көмектесуді армандаған еді, енді ол аса маңызды емес. Маңыздысы, жануарларды күтіп-ұстайтын орталығымды ашсам, оларға көмектессем. Бала кездегі арманымның негізі осы», – дейді Стефани Харлампиди.

Еленаның айтуынша, ит-мысықтарды асырауға алумен шектелмейді, оларды емдейді. Себебі, жаралы жануарлар басқа ешкімге керек емес деп санайды.

«Мен асырап алған жануарлардың біреуін кене басып кетсе, енді бірінің жүні толық түсіп қалған, қарауға шыдай алмайтын халде болатын. Дегенмен, жаны ашып, шындап емдесе, бәрі қалпына келеді. Тек соңына дейін шыдау керек. Мысалы, мына үлкен мысық пен анау ірі итті ол халде ешкім асырауға алмас еді. Ол итті иелері қуып жіберген. Міне, тағдыры қиын төбет», – дейді Елена.

Осылайша Еленаның үйінде түрлі жануарлар жиналып қалған. Дегенмен, оның да мүмкіндігі шектеусіз емес, сондықтан, қаңғыбас ит-мысықтардың жағдайын жоғары деңгейде шешу керек дейді.

«Мұндай күрделі мәселе мемлекеттік деңгейде шешілуі керек деп санаймын. Мысалы, Түркия елін алсақ, ондағы тұрғындар, ит-мысықты жақсы көреді, керемет соғылған үйлер мен адамы көп көшелерде ол жануарларды кез келген жан тамақтандыра алады. Мен ол қаланы жаяу көп араладым, байқағаным, аулаларда ит-мысықтарға арналған үйшіктер көп, оны кім соққанын білмедім, мүмкін, тұрғындар болар. Ал Ташкентте заң қабылдап, көшелерде ит-мысықтарға арналған ыдысы бар үйшіктер қойылды. Грузияда да солай. Бұл қиын емес қой, ең болмаса стерильдеу, чиптеуді қолға алсақ та болар еді», – дейді жануарлардың жанашыры.

Елена қызы екеуі жерлестеріне ит-мысықтарды қорықпай асырауға алуға кеңес береді. Көрсеткен қамқорлық пен махабатты еселеп қайтарады дейді. Сондықтан, қаласаңыз, жануарлар жанашырларының қатарына қосылыңыз.

«Жануарларға – қамқорлық» жобасы АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсетілген Америка халқының көмегімен, Internews-тің USAID қаржылай қолдауы арқылы жүзеге асырылатын Орта азиялық MediaCAMP бағдарламасы аясында жасалды.

Мазмұнына Vera.kz жауап беретін бұл шығарылым USAID немесе АҚШ Үкіметі немесе Internews-тің көзқарасын білдірмейді.

Біздің жобаға https://chat.whatsapp.com/IdfTPIpLCqdDD8pusalsBJ сілтемесі арқылы қосылуға болады.

Последние новости Шымкента: