ДЦП диагнозы бар 14 жасар қыз көмекке мұқтаж
16 июля, 2021Жасөспірімнің оңалтудан өтуі үшін көмек қажет, деп хабарлайды vera.kz
Жанеля анасының көмегінсіз тіпті бір жанына да аударыла алмайды. ДЦП диагнозы қойылған 14 жасар қыздың өмірі анасына қарап тұр. Дерттің кесірінен аяқ-қолы икемге келмей, бұлшықеттері үнемі ауырып жүреді. Қазірдің өзінде қол-аяғын басқара алмайды, ал уақыт өте келе тіпті қимылсыз қалып, басқа да неврологиялық дерттер шығуы мүмкін. Жанеля бүгінде тек мүгедектер қоларбасында арнайы белдіктердің көмегімен ғана отыра алады. Осындай диагнозы бар баламен дәрігерлерді аралап, оңалтуға бару анасы үшін қиынның қиынына айналған.
«Осы оңалту мәселесі бізге қиын тиюде. Бұрын «Дамумед» қосымшасы арқылы дәрігерлерге, бейінді мамандарға жазылсақ, биыл бұл тіпті мүмкін емес, «Дамумед» жұмыс істемей тұр. Қазір менің қызым жалпы тәжірибелі дәрігерден ересектер маманы, ал невропатолог бойынша балалардың маманы қарайды, содан невропатологтың қабылдауына кіру үшін мен алдымен жалпы тәжірибелі дәрігерге жазылып, консультацияға келіп, қызымның ауыр жағдайын, невропатологқа көріну керек екенін айтамын», – дейді ерекше баланың анасы Әлия Аманқұлова.
Әлия дәрігердің қабылдауына кірудегі қиындықты айтқан сәтте өзін-өзі ұстай алмай қалады, бірақ, қызының көз алдында жылауға болмайды. Жанеля анасының жай-күйін айтпай түсінеді және бірден мазасыздана бастайды. Сондықтан, анасы өзін-өзі қолға алып, қызының оңалтудан өтуіне жолдама алу үшін амалы жоқтан емханаға аттанады. Айтуынша, үш жылдан бері дәрігердің қарауынан өтпеген.
«Егер қызым ең болмаса отыра алатын болғанда, емханаға баруымыз сәл де болса жеңіл болар еді. Бірақ, емханаларда отыратын балаларға да арналған жағдай жоқ, фойеге, тіркеу бөліміне келген соң, қайда барсаң да текпешек. Ал лифті жоқ. Жақында невропатологтың қабылдауында болдық, болмағанда порталға тіркелейік десем, «Жазылуыңыз керек. Онсыз ештеңе істей алмаймын, мені дұрыс түсініңіз» дейді. Әрине, мен түсінемін ғой, бірақ, бізді кім түсінер екен? Мен тек қызыма мемлекеттен тиесілі көмекті ғана алғым келеді, бірақ, оған да жете алмай отырмыз», – дейді Әлия.
Әлия дәрігердің қабылдауына электронды портал арқылы жазыла алмайды. Себебі, үйінде компьютер мен смартфоны жоқ. Соның салдарынан, қызына жөргек пен арнайы аяқ киім алар кезде компьютерлік клубтарға барып, ақысын төлеп, рәсімдеп келеді. Қазір Әлия қызын оңалтудан өткізуге көмек сұрап отыр. Аса қажетті тегін оңалту процедураларына қол жеткізе алмаса, ақылы мамандардың қабылдауына кіруге көмектесер жандар табылса екен дейді.
Еске сала кетейік, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» — көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі. Біз мұнда көмек сұраған адамдар ғана емес, оларға қол ұшын соза алатын қайырымды жандар туралы да ақпаратпен бөліскіміз келеді. Кейде қиын жағдайға тап болған отбасыға бір сөмке азық-түлік алып берудің немесе жалғызілікті қарияның шаруасына көмектесудің өзі үлкен қолдау болады. Мұндай қайырымдылықтан басқалар да үлгі алса деп жариялау да көмек.
Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.
Последние новости Шымкента: