ДЦП диагнозы бар балаларға арналған оңалту орталығына көмек қажет

ДЦП диагнозы бар балаларға арналған оңалту орталығына көмек қажет

2 июня, 2021 Выкл. Автор Анна Цурканова

Ерекше балаларға арналған оңалту орталығына кез келген қаржылай көмек қажет, деп хабарлайды vera.kz

Орталық «Дом Артемисии» деп аталады, Артемисия – орталық меңгерушісі Ирина Черкасованың қызының есімі. Ол туғаннан бері 24 жыл бойы балалардың церебральді сал дертінен зардап шегіп келеді. Қызының өмірі үшін күресіп келе жатқан анасы бір күні осындай басқа да ерекше балаларға көмек беру керегін түсінеді. Осылайша Шымкентте церебральді сал дерті диагнозы қойылған балаларды оңалту орталығы ашылып, бүгінге дейін мемлекеттің көмегінсіз қызмет етіп келеді. Орталық ғимараты Ирина Черкасованың үйінің орнына салынған. Әлі жалғасып жатқан құрылысына ұйымдастырушылардың өз қаржысы мен демеушілердің, сирек те болса қайырымды жандар жинаған қаражат жұмсалуда. Мысалы, Ирина Викторовнаның жиені орталық құрылысына 45 мың евро сыйлаған.

“Біздің орталықтың лицензиясы жоқ. Мен жеке кәсіпкерлік атынан жұмыс істеп отырмын. Ешкімнен, мемлекеттен көмек болмаған. Сондықтан, қазақстандықтардан көмек сұрап, мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын созуды өтіндім. Лифтіге қаржы қажет болып тұр. Өтінішіме құлақ асып, көмектескен жандарға алғысым шексіз, бүгінге дейін 1 млн 700 мың теңге жиналды. Міне, мына дәптерге қайырымды жандардан түскен қаржының әр тиынына дейін жазып жүрмін. Қараңызшы, біреу 800 теңге жіберсе, енді бірі 5 мың теңге аударған. Ірі демеушілеріміз де бар, бір баланың туысы лифтіге деп 700 мың теңге, енді бір азамат 500 мың теңгеден астам ақша жіберіпті. Осындай сәтте қол ұшын созған барша қайырымды жандарға алғысым шексіз”, – дейді «Дом Артемисии» оңалту орталығының директоры Ирина Черкосова.

Орталыққа лифт қажет-ақ. Учаске аумағы тар болғандықтан, ғимараттың екінші қабатын көтеруге мәжбүр болып отыр. Онда балаларға арналған жатын бөлме болады, себебі, балалар орталықта дүйсенбіден жұмаға дейін, тәулік бойы жатып, оңалады. Лифт 3,5 млн теңге тұрады, ақшаның толық жиналуын күтуге уақыт жоқ, сондықтан Ирина 2 млн теңге несие алғанын айтады. Бұл – алғашқы несие емес, орталыққа үнемі көмек қажет дейді Ирина Викторовна. Мысалы, жақын күндері кәріз жүйесіне қосылу қажет.

“Бұған дейін қазған шұңқырымыз тез толып қалады, себебі, орталыққа келетін адам көп. Ал біздің тұйық көшеге кәріз жүйесі жеткізілмеген. Біз «Су арнасы-Маркетинг» мекемесіне хабарластық, ондағы мамандар есептеп, жұмыс ақысы 1 миллион теңге болатынын айтты. Қызметіне алдын ала 700 мың теңге төлеу қажет, содан кейін бір аптада қазуды бастайды. Егер осы қаржы бойынша көмектесе алатын жандар болса, сіздерден қайырымдылық күтер едік”, – дейді Ирина Черкасова.

Бүгінде орталықта 18 адам оңалтудан өтіп жүр. Олардың көбісі мұнда жылдар бойы келеді, себебі, үнемі тренажерларда жаттығудың пайдасы болмаса, зияны жоқ. Араларында осы орталықта тұрақтап қалғандар да бар. Жаннат Рахымжанова 6 жасар қызы Адиямен бірге Нұр-Сұлтан қаласынан 2020 жылдың қыркүйегінде келген. Еліміздің көптеген өңірлерінде, тіпті, шетелде оңалту мен емдеудің барлық түрін көрдік деген ана бұл орталық мамандары бізді қабылдап қана қоймай, кемінде 2-3 жыл тұруға рұқсат берді дейді.

“Шарасыздықтан осында келдік. Бір айдай болып, ем алып көрейін дедік. Келген соң мұнда балалардың өз әлемі, өз атмосферасы бар екенін бірден байқадым. Ерекше балалар деп тегін атамаймыз ғой. Олар шынында да ерекше, мұны балғындармен бірге тұратындар ғана біле алады. Әрине, таңғажайып бірден бола салмайды, бірақ, мен жеке өзім Ирина Викторовнаның «алтын» қолдарынан шипа күтемін, сол үшін қанша қажет болса, осында сонша жатамыз”, – деген Адияның анасы көз жасын тия алар емес.

Бұл орталықта тұрудың бағасы бір күнге бес мың теңге, дегенмен, ата-аналардың барлығы бірдей ақысын төлей алмай жатады, дейді Ирина Викторовна. Кейбірі баласына мемлекет төлейтін жәрдемақыдан төлейді, ал бес адам орталықта тегін жатыр. Мұнда оңалтудан өтіп жүргендердің арасында егде кісі де бар. Инсульт алған зейнеткерді туыстары алып келіп, Черкасовадан аяққа тұрғызуды өтінген. Науқас мұнда жүріп оңалды, ал туыстары оны ұмытып кетіпті.

«Дом Артемисии» орталығына қолдау көрсетемін деуші жандар қаржыны Ирина Черкасованың +7 702 688 10 01 телефон нөміріне бекітілген Каспи голд карточкасына аудара алады.

Еске салайық, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» – көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі. Біз мұнда көмек сұраған адамдар ғана емес, оларға қол ұшын соза алатын қайырымды жандар туралы да ақпаратпен бөліскіміз келеді. Кейде қиын жағдайға тап болған отбасыға бір сөмке азық-түлік алып берудің немесе жалғызілікті қарияның шаруасына көмектесудің өзі үлкен қолдау болады. Мұндай қайырымдылықтан басқалар да үлгі алса деп жариялау да көмек.

«Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасы чатының сілтемесі: https://chat.whatsapp.com/FBvyTtB6Lr8Fv2uEza7ihl
Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.

Последние новости Шымкента: