Көп балалы ана баспанаға және ДЦП қызының еміне көмек сұрайды
10 мая, 2021Көп балалы ана Елена Никифорова «Қайырымдылық кәрзеңкесіне» пәтер кезегіне тұруға және ауыр дертке шалдыққан қызын емдетуге көмек сұрап келді, деп хабарлайды vera.kz
Елена Никифорованың жасы 27-де. Жалғыз өзі 7, 4, 3 және 1,5 жасар төрт қызын өсіріп келеді. 1,5 Алина тумысынан дертке шалдыққан, қазіргі жағдайы 6 айлық нәресте секілді, басын әлі күнге өздігінен ұстай алмайды. Балалардың церебральді сал (ДЦП) диагнозы қойылса да қызын есепке тіркеп, мүгедектікті рәсімдей алмай келеді.
«Кенже қызыма ДЦП диагнозы қойылса да әлі күнге мүгедектік рәсімделген жоқ. Барлық құжаты дайын, өткіздім. Бірақ, неге екенін білмеймін, ертең болады деп, әлі күнге созылып келеді. Балалары ауырып, ауруханада бізбен бірге жатқан аналар мүгедектік рәсімдеп қойды, ал біз әлі жүрміз», – дейді Елена.
Көп балалы отбасының табысы – бар болғаны 69 мың теңге. Оның 12 мыңы – бұрынғы күйеуінің алименті. Ол психикалық тұрғыдан дертке шалдыққан деп табылып, мәжбүрлі ем алуда. Елена қыздарын алып, күйеуінен қашып кеткенім дұрыс болды деп отыр. Әлі күнге дейін пәтерден-пәтерге сабылып, өз баспанасын армандап келеді.
«Баспана кезегіне тұруым үшін, қызыма ортопедиялық аяқ киім, осындай диагнозы бар балаларға арнайы құрал сатып алу үшін көмекке мұқтажбын. Мамандар да осындай диагнозы бар балаға қалай күтім жасап, оңалту туралы кеңес берсе екен», – дейді көп балалы ана.
Еленаның өзі балалар үйінде тәрбиеленген, бала кезде көрген қиындығын жылап еске алып, қыздары ол ауыртпашылықтарды көрмесе екен дейді. Жас әйелдің Шымкентте тұрақты тіркеуге алынғанына екі жыл ғана өтті, ал пәтер кезегіне тұруы үшін тағы бір жыл өтуі қажет. Енді Елена қайырымды жандардан қаржылай көмек қана емес, ақыл-кеңес те күтеді.
Егер сіз осы отбасыға қол ұшын созғыңыз келсе, +7 700 753 10 10 уотсап нөміріне жазыңыз немесе қалалық «Қайырымдылық кәрзеңкесі» чатына мына сілтеме арқылы қосылыңыз:
https://chat.whatsapp.com/FBvyTtB6Lr8Fv2uEza7ihl
Еленаға қалай көмек көрсетуді бірге ақылдасайық. Еске салайық, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» — көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі. Біз мұнда көмек сұраған адамдар ғана емес, оларға қол ұшын соза алатын қайырымды жандар туралы да ақпаратпен бөліскіміз келеді. Кейде қиын жағдайға тап болған отбасыға бір сөмке азық-түлік алып берудің немесе жалғызілікті қарияның шаруасына көмектесудің өзі үлкен қолдау болады. Мұндай қайырымдылықтан басқалар да үлгі алса деп жариялау да көмек.
Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.
Последние новости Шымкента: