Көп балалы ана тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашып шықты

Көп балалы ана тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашып шықты

19 июля, 2021 Выкл. Автор Анна Цурканова

Дүлей күйеуінен қашып шыққан көп балалы ана баспанаға мұқтаж, деп хабарлайды vera.kz

Қазығұрт ауданының 43 жастағы тұрғыны – алты баланың анасы Зылиха уақытша баспанаға мұқтаж. Ол 25 жыл бойы отбасына қорлық көрсетіп келген күйеуінен қашып шыққан. Ал күйеуі қазір басқа облыста жасырынып жүр. Зылиха үйлеріне оралудан қорқады. Қазір ажырасу процесі өтуде, тәжірибелі заңгер күйеуінен мүлікті бөліп алуға көмектесер еді. Қазір көп балалы отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған «Көмек» дағдарыс орталығынан уақытша пана тапқан, дегенмен, жақында көшуі керек, ал уақытша баспана жалдауға ақшасы жоқ.

Шынтағы сынып, жағы шытынаған Зылиха жарақаттарының салдарынан ауруханада бір айға жуық жатып шықты. Ал мұнда басының бірнеше жеріне соққыдан түскен тыртықтар бар. Алты баласының анасы Злиха күйеуі салған жарақаттарды еш эмоциясыз айтып беруде. Себебі, әбден үйреніп те кеткен.

“Тұрмысқа ерте шықтым, отбасылық өмірімде көп нәрсе көрдім. Алты бала дүниеге әкелдім. Осы жылдардың барлығында қорлық-зорлықты көп көрдім. Қолымды сындырды, жағымды сындырды. 2007 жылғы қызымды босанарда басым жарылып, бас-ми қысымымен жаттым. Шыдап бақтым, үй болып-ақ кетерміз деген едім, болмады. Мұндай тұрмыстық өмірдің балаларыма да, маған да зияны болмаса, пайдасы болмады”, – дейді «Көмек» дағдарыс орталығынан көмек алушы Зылиха.

Зылиханың үлкен қызының жасы 23-те, ұлы 21-ге толған. Олар бірге тұрмайды, өз беттерімен жұмыс істеп жүр. Әкелерін көргісі келмейді, ал анасына әкесінен қашып кете алмағаны үшін ренжулі. Одан кейінгі балалары 15, 13, 7 жасар және ең кенжесіне сегіз ай енді толды. Дағдарыс орталығына Зылиха қаңтар айында түскен кезде балалары жеңіл киінген, ал емізулі сәбиі бір ғана жаялыққа оралған еді. Себебі, дүлей әкеден түн ішінде қашып шығуға тура келген. Тіпті, жергілікті учаскелік полиция қызметкері де араласқысы келмепті.

“Әпкем бір нөмірді беріп, осы нөмірге хабарлас, қыстан аман-есен шығып алыңдар деді. Қыстың түнінде кезекті рет күйеуімнен балаларыммен қашып шығып, енемнің үйіне жасырындым. Таңертең хабарласып, содан осында жеттік”, – дейді Зылиха.

Осылайша Зылиха ерік-жігеріп жинап, ажырасуға арыз берді. Мүлікті бөлісуге келгенде анық болғаны, жұбайы кедей емес екен, тек бар мүлкін туыстарының атына жаза беріпті. Қазір көп балалы анаға ажырасу ісі бойынша тәжірибелі заңгердің көмек аса қажет болып тұр, анасы балаларының баспанасыз және ас-сусыз қалмауын ойлайды. Ал күйеуі атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеуге рұқсат бермеген. Енді сот процесі жалғасып жатқанда бұл отбасыға уақытша баспана керек, себебі, дағдарыс орталығында тұратын уақыты аяқталып келеді.

Зылиханың қауіпсіздігі үшін көп балалы анаға қатысты бар мәселені «Көмек» дағдарыс орталығының директоры Жүсіпова Малика Әбдірашқызына +7 775 465 43 18 нөмірімен хабарласып, біле аласыздар.
Еске сала кетейік, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» – көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі.
«Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасының чатына https://chat.whatsapp.com/FBvyTtB6Lr8Fv2uEza7ihl сілтемесі арқылы қосылуға болады.
Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады

Последние новости Шымкента: