Шымкенттегі №3 балалар үйінің балақайларына қайырымдылық жасалды

Шымкенттегі №3 балалар үйінің балақайларына қайырымдылық жасалды

24 апреля, 2021 Выкл. Автор Анна Цурканова

Шымкенттегі №3 балалар үйінде балақайларға арналған қайырымдылық акциясы өтті, деп хабарлайды vera.kz

Акция Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды. Бұл күні мұндағы балақайлардың барлығы шат-шадыман көңіл-күйге бөлініп, концерттік бағдарламалар мен түрлі конкурстарға қатысты. Бірі ән салса, бірі би биледі, ал «Менің Қазақстаным. Дәстүр мен мәдениет» викторинасына барлығы түгел қатысты. Жауаптан мүдіргендеріне команда болып көмектесіп, мерекелік көңіл-күйге бөленді.

Бұл күні ешкім сыйлықсыз қалған жоқ. Бүлдіршіндерге сандықшалар мен сөмкелер тарту етілсе, жеткіншектер үстел ойындары мен гаджеттерге ие болды. Айта кету керек, бұл балалар үйінде 60 балақай тәрбиеленеді. Олардың арасында тұл жетімдер мен «әлеуметтік» жетімдер де бар. Олар үшін әр қонақтың келгені мереке саналады.

«Біз Ұлыстың ұлы күні қарсаңында келіп, балаларға қуаныш сыйлауды ниет еттік. Конкурстарымыз ұлттық ойындар түрінде өтті. Оған қоса балақайлар қазақтың ұлттық оюларын тамашалады, ондағы мақсат – қазақ халқының өнерімен таныстыру. Алдағы уақытта біз қазақтың ұлттық саз аспаптарын таныстырып, ұлттық мәдениет туралы кеңірек әңгімелеуді жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, мәдениетті тұлға тәрбиелеу үшін бала кезден әлемдік мәдениетпен таныстыру керек, адамзатқа ортақ құндылықтар туралы әңгімелеп, балалардың бойына сіңіре берген дұрыс, – дейді «Mobil Plus Көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Наргиза Керімбаева.

Айтқандай, №3 балалар үйінің кез келген демеушіге есігі айқара ашық. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қамкөңіл балаларға әрқайсысыңыз қуаныш сыйлай аласыз. Карантин шектеулеріне байланысты балақайларға сыйлық сыйлау ерекше жағдайда өтеді, дегенмен, тәрбиелеушілер сыйлықтың барлығын балаларға жеткізуге уәде беріп отыр.

«Бізге көмек қолын созғысы келетін жандар хабарласып тұрады. Осы мақсатта арнайы мейірбикеміз жомарт жандарды қарсы алып, қандай затты қанша көлемде алып келуге болатынын айтады. Қазір қонақтардың барлығын ішке кіргізе алмаймыз. Олар сыйлықтарын балалар үйінің жанында қалдырып кетеді, ал біз балақайларға жеткіземіз. Барлығын видеоға түсіріп, қуанышты балалардың алғысын жомарт жандарға жібереміз», – дейді №3 балалар үйінің әлеуметтік педагогы Салтанат Айдарова.

Еске сала кетейік, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» — көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі. Біз мұнда көмек сұраған адамдар ғана емес, оларға қол ұшын соза алатын қайырымды жандар туралы да ақпаратпен бөліскіміз келеді. Кейде қиын жағдайға тап болған отбасыға бір сөмке азық-түлік алып берудің немесе жалғызілікті қарияның шаруасына көмектесудің өзі үлкен көмек болады. Мұндай қайырымдылықтан басқалар да үлгі алса деп жариялау да көмек.

Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.

Последние новости Шымкента: