
Шымкенттегі «Azala Textile» тоқыма фабрикасы еріксіз түрде өндірісін тоқтатты
16 июня, 2025vera.kz хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстандағы толық циклді жалғыз тоқыма фабрикасы миллиардтаған қарызбен және жұмысшыларсыз қалды.
Цехтарда иіру және тоқу машиналарының даусы мүлде естілмейді – жым-жырт, ал станоктардың жанында жұмыс жасап жатқан жұмысшылардың орнында – ғимарат ішін мекендеген көгершіндер. Қазіргі таңда Оңтүстіктегі толық циклді жалғыз тоқыма фабрикасы «Azala Textile»-дің көрінісі осындай.
БОЛАШАҚ ПЕН АҚИҚАТ
Фабрика 2012 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Бұл – елдің оңтүстігінде мақта өсіріп, оны Еуропа елдерінде сұранысқа ие өнімге айналдыратын жалғыз өндіріс орны еді. Бұл жерге, үлгілі кәсіпорын ретінде, Қазақстан Президенттері мен басқа да жоғары лауазымды тұлғалар арнайы алып келінетін. Қазіргі таңда фабрика жұмысшыларсыз, тапсырыстарсыз қалды, бірақ мойнында орасан зор қарыздары бар.
«Біз жұмысшылардың жалақы қарызын жаптық, коммуналдық қызметтер алдындағы қарыздарды өтедік. Ендігі кезекте, салықтық міндетті төлемдер бойынша қарыздар, содан кейін банктермен есептесетін боламыз. Бір банкке 1,7 млрд теңге, ал екінші банкке 1,2 млрд теңге қарызбыз. Бұл қаражаттарды айналым қорына алған едік. Өндірісті қайта іске қосу мәселесі – өте күрделі мәселе. Әрине, біз түрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз, бірақ әзірге нақты шешім табылған жоқ», – дейді кәсіпорын директоры Бекет Турсынханов.
Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 мың тоннадан астам мақта иірімжібін, 2,3 миллион дана төсек жабдығын және 10,4 миллион дана түкті сүлгі шығаруға мүмкіндік береді. Дегенмен, мұндай көлемде жүктеме ешқашан болған емес. Соңғы үш жылда фабрика бар болғаны қуаттылықтың 40%-ына ғана жұмыс істеп келді, оның өзінде өнімді өткізу жағынан қиындықтар болды. Қазіргі уақытта қоймаларда 3,8 млрд теңгенің тауары жатыр. Егер сол өнім сатылса, барлық қарызды жабуға болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, сату мүмкін болмай тұр, ал мемлекеттік органдардың ешқайсысы көмек көрсетуге тырысып жатқан жоқ.
«Azala Textile» компаниясының қиындықтары үш жыл бұрын Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа байланысты басталды. Сол кезде шымкенттік компания үшін Еуропа нарығына шығу жолы жабылды, ал фабрикада өндірілетін өнімнің шамамен 80%-ы экспортқа шығарылатын. Қазақстанда мұндай көлемдегі дайын тоқыма өніміне сұраныс жоқ, оның үстіне отандық өндірушілерді Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан келген өнімдер демпингке ұшыратуда.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ МА, ӘЛДЕ НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ ПА?
Соңғы үш жылда «Azala Textile» фабрикасының иелері министрліктердің табалдырығын тоздырып, шенеуніктермен хат жазысып келеді. Айтуларынша, әзірге еш нәтиже жоқ. Тіпті мемлекеттік тапсырыс алатын бақытты компаниялардың қатарына да ілінбей отыр. Ал қолданыстағы үкімет қаулысы мемлекеттік органдарды отандық өндірушілерден өнім сатып алуға міндеттейді. Алайда, бұл қаулының шарттары орындалмаған жағдайда қолданылатын нақты шаралар қарастырылмаған екендігі анықталды.
«Ауруханалар мен басқа да мекемелердің сатып алып жатқан өнімдеріне ешкім назар аудармайды. Олардың да сатып алып жатқан төсек жабдықтары Қазақстанда тігілген өнім емес екеніне еш кепіл жоқ. Таңғаларлығы, бұл салада мүлде жұмыс істемеген компаниялар жеңімпаз атанып жатыр. Мысалы, Қазақстанның құқық қорғау органдары шамамен 60 миллиард теңгеге өнім сатып алады. Соның бір бөлігін біз өндіре алар едік. Ал бізге соңғы мемлекеттік қорғаныс тапсырысынан небәрі 500 миллион теңгеге тапсырыс берілді. Бірақ оны орындаудан бас тарттық. Өйткені бұл сома кәсіпорынды құтқара алмайтын болды. Шоттарымыз бұғаттаулы еді, және бұл қаражат қарызды өтеуге ұсталынатын еді. Фабрика жұмысшылардың жалақысын төлеу үшін қосымша қаражат іздеуі керек болар еді, ал ол қаражат жоқ. Оның үстіне, бұл мемлекеттік органдардың берген кезекті бір садақасы секілді. 30 миллиард теңгеден бөлінген 500 миллион, шындап келгенде, мұндай қатынас біздің көңілімізден шықпады және фабрикадағы жағдайды да бұл сома өзгерте алмас еді», – дейді Бекет Турсынханов.
Ұлттық компаниялар да бұл жағдайға еш әсер ете алмай отыр. Мемлекеттік сатып алулар кезінде өнім құрамында 70% қазақстандық үлес болуы тиіс деген талап болғанымен, оған мән беріп жатқан ешкім жоқ сияқты. Оның үстіне, «Самұрық-Қазына» келісімшарт жасалар алдында айлаға басатын жеткізушілерге де ешқандай жаза қолданбайды.
«Самұрық-Қазына» бастапқы іріктеу кезінде кәсіпорындардың өндіруші кәсіпорынмен келісімшарты болуын талап етеді. Біз – жалғызбын, сондықтан барлығы маған жүгінеді. Бірақ мен бас тартамын. Себебі біз ниет шартына қол қоямыз, сол арқылы бұл компаниялар тендер ұтып алып, кейін өнімді Өзбекстаннан немесе Қытайдан сатып алады. Ал бізге ешқайсысы тапсырыс беруге қайтып келмейді. Сондықтан мен мұндай ниет шарттарына қол қоймайтыным жайлы ашық түрде мәлімдеймін. Тіпті кейбір кәсіпорындар менің қолым мен мөрімді қолдан жасап, алдын ала іріктеуден өткен жағдайлар да болды. Бұл орын алған жайттар жайлы біз «Самұрық-Қазынаға» жазбаша түрде хабарлаған едік, бірақ ешқандай шара қолданылған жоқ», – дейді «Azala Textile» фабрикасының директоры.
БОС ҮМІТ
Шымкент әкімдігі бұл мәселеге оптимистік көзқараспен қарайды. Олардың ойынша, кәсіпорын өзбекстандық әріптестер тарапынан болып жатқан демпингке де, тапсырыстың жоқтығына да, өткізу нарығының тапшылығына да төтеп бере алады. Әкімдіктің болжамы бойынша, биылдың өзінде-ақ «Azala Textile» цехтарында станоктар қайта іске қосылады.
«Біз бұл кәсіпорындарды іске қосу және қалпына келтіру бойынша жол картасын әзірледік. Жол картасы Өнеркәсіп министрлігіне келісуге жіберілді. Ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында осы кәсіпорындардың іске қосылуын күтіп отырмыз. Мемлекет тарапынан мемлекеттік тапсырыстар беріледі», – дейді кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ермек Турманов.
Кәсіпорындар жайында айта отырып, Ермек Турманов «Azala-cotton» компаниясының тағдырына да тоқталып өтті. Бұл компания да холдинг құрамына кіреді және өндірісін тоқтатқан, бірақ одан бұрын. Олардың қиындықтары мақта шикізатының қымбаттауынан басталған.
«Azala-cotton» кәсіпорнында өндірістік циклдің екінші кезеңі салынды, оның мақсаты – өз фабрикамыз тұтынатын иірім жіпті шығарып, әскери және арнайы киім өндірісін жолға қою еді. Өкінішке қарай, министрлік біздің фабриканы өсім орны ретінде көрмеді. 2023 жылы шикізат бағасы күрт өсіп кетті. Талшықтың бағасы 2300-2700 теңге аралығында болды. Сол сәтте бұл бағаға шикізатты сатып алу кәсіпорынды тығырыққа тіреді, артынша баға да құлдырап кетті. Біздің негізгі тұтынушымыз Қытай болатын, алайда Трамп билікке келген соң, Қытай АҚШ-пен экономикалық соғысқа қайта кірісті. Алдағы 4 жылда бұл кәсіпорын жұмыс істемейтін болады», – дейді Бекет Турсынханов.
Осы арада Шымкент әкімдігі үшін бұл тоқыма кәсіпорындарын іске қосу расында да өте маңызды. Өндірістің тоқтауы саланың көрсеткіштеріне әсер етіп, тоқыма өнеркәсібінде де өндіріс көлемі төмендеді. Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласында барлығы 175 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 167-сі – шағын, 6-ы – орта, 2-еуі – ірі кәсіпорындар. Осы кәсіпорындардың тоқтауы жалпы көрсеткіштерге әсерін тигізді.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 36 млрд теңгені құрады. Биылғы жылдың 4 айында Шымкенттегі жеңіл өнеркәсіп көлемі 10 млрд теңгені құрады. Екі ірі кәсіпорын жұмысының тоқтауы биыл өндіріс көлемінің 2,9%-ға, ал өткен жылы 18%-ға төмендеуіне әсер етті. Бұл жағдай жұмыс орындарының азаюына да ықпал етті. Аталған екі кәсіпорында мыңға жуық адам жұмыс істеген. Қазір бұл екі фабрикада бар болғаны 45 адам ғана қалды», – дейді кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ермек Турманов.
Әкімдіктегілердің айтуынша, жеңіл өнеркәсіп шын мәнінде күрделі сала. Төмен маржиналдылық, энергия ресурстарын көп тұтынушылық, көршілес елдер тарапынан бағаны демпингтеу және өткізу нарығындағы мәселелер жағдайға кері әсерін тигізуде.
ШЕШІМДЕРДІ ІЗДЕУ
Екі фабриканың иелері де қол қусырып отырған жоқ, олар үнемі шешім іздеумен келеді. Қоймада тұрған арзан бағадағы төсек-орын жабдықтарымен Ресейдің маркетплейстеріне шығу да жоспарланған болатын. Алайда Ресей нарығындағы электронды сауда алаңдарына кіру өте қиын екен.
«Ресейдің нарығы қорғалған. Сауда алаңдарында резидент емес компаниялар тауар сата алмайды. Біз есептеп көрдік. Алдымен тауарды резидентке өткізу керек, содан кейін сауда алаңдарына шығаруға, сауда алаңдарының комиссиясына, одан кейін қойма жалдауға кететін шығындар бар. Бұл шығындардың барлығы біздің тауардың бағасын 50%-ға қымбаттатып жіберді. Біз Сауда министрлігіне осы бағытта қолдау көрсетіп, алғашқы кезеңде ресейлік нарыққа шығуға көмектесуін сұрап ұсыныс жасадық, өйткені бұл да қымбат. Алайда еш нәтиже болған жоқ», – дейді фабрика директоры Бекет Турсынханов.
Шымкенттегі екі кәсіпорынның мәселесін, шын мәнісінде, республикалық деңгейде шешу қажет. Өйткені бұл тәжірибе жеңіл өнеркәсіптегі басқа кәсіпорындар үшін үлгі болып қана қоймай, тоқыма өндірісіне жүйелі қолдау көрсету қажет екендігін көрсетеді.
- Шымкенттегі «Azala Textile» тоқыма фабрикасы еріксіз түрде өндірісін тоқтатты
- «Легкие деньги» от маркетплейса: как мошенники выманивают миллионы тенге через мессенджеры
- Вынуждено остановила производство текстильная фабрика «Аzala Textile» в Шымкенте
- Арендаторы парка «Киял әлемі» просят акимат Шымкента не бросать их без работы и с кредитами
- За судьбу кружков по проекту «Даму бала» опасаются поставщики услуг