Шымкенттік балақайлар әлем келбетін бейнеледі
11 июня, 2021Шымкенттік балақайлар әлем келбетін өз көзқарастарымен бейнеге түсірді, деп хабарлайды vera.kz
Қайырымдылық акциясына 40 бала қатысты. Олардың арасында көп балалы отбасылардың және ерекше даму қажеттіліктері бар балалар да болды. Екі топқа бөлінген қатысушылардың бірі мольбертке бояумен салса, жасы кішілері асфальтқа түрлі-түсті бормен сурет салды.
Акция ұйымдастырушыларының айтуынша, жас шымкенттіктердің армандарын білу басты мақсат болған. 11 жасар Руслан Фарзане коронавирусты салыпты. Оның айтуынша, Covid-19 барлық жастағы адамның мазасын алған.
«Мен коронавирусты бейнеледім. Оның біздің әлемнен кетіп қалғанын қалаймын. Барлығымыздың денсаулығымыз мықты болса екен деймін. Осы суретім арқылы ересектерді коронавирустың таралуына жол бермеуге шақырамын. Менің ең үлкен арманым – пандемия Жер бетінен мәңгіге жоғалып кетсе екен», – дейді Руслан Фарзане.
13 жасар Милена Ростошанская – ерекше даму қажеттілігі бар жеткіншек. Оған балалардың церебральді сал диагнозы қойылған. Дегенмен, Милена конкурсқа белсене атсалысып, мольбертке тайыншаның суретін салыпты. Айтуынша, ол еңбексүйгіштікті, күш-жігер мен күресті білдіреді. Миленаға түп-түзу сызықтарды сызу дертінің кесірінен қиынға түседі, дегенмен, еңбегі еш кетпей, жасөспірімнің еңбегі аталымдардың бірінде үздік деп танылып, оған түрлі-түсті принтер табыс етілді. Енді Милена смартфонға қол жеткізсем деп армандайды, сол арқылы әлеуметтік желіде өзі сияқты балаларға қиындықпен күресуде көмектеспек.
«Бізді осы іс-шараға шақырған аға-әпкелерге алғыс айтамыз. Бізге өте ұнады. Тек жүлделер үшін емес, қатысудың өзі де қызық болды. Қызымның басқа да балалармен танысып, араласқанын қаладым. Барлығы қызықты өтті. Осындай мерекелер жиі өтіп тұрса екен, сонда менің қызым Милена сияқты ерекше балалардың бар екенін басқа жерлестеріміз де білер еді, көпшілік оларды да қалыпты қабылдап, қоғамға бейімделгенін қалаймыз», – дейді Миленаның анасы Марина Ростошанская.
Конкурста ешкім сыйлықсыз қалған жоқ. Суретінің идеясы ерекше деп танылған балалар велосипед, самокат пен сноубордқа ие болды.
«Бұл біз үшін бір біткен іс болды. Осылайша қайырымдылық істеуді үрдіске айналдырғым келеді, себебі, біз барда, еріктілер барда елімізде қайырымдылық та көбейе түсер деп сенемін. Адамдар бақытты болса, еліміз де дами түседі», – дейді қайырымдылық қорының президенті Наргиза Керімбаева.
Еске салайық, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» – көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі. Біз мұнда көмек сұраған адамдар ғана емес, оларға қол ұшын соза алатын қайырымды жандар туралы да ақпаратпен бөліскіміз келеді. Кейде қиын жағдайға тап болған отбасыға бір сөмке азық-түлік алып берудің немесе жалғызілікті қарияның шаруасына көмектесудің өзі үлкен қолдау болады. Мұндай қайырымдылықтан басқалар да үлгі алса деп жариялау да көмек.
«Қайырымдылық кәрзеңкесі» чатына сілтеме: https://chat.whatsapp.com/FBvyTtB6Lr8Fv2uEza7ihl
Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.
Последние новости Шымкента: