Күйеуінен қорлық көрген келіншек өз өмірін қимақ болды

Күйеуінен қорлық көрген келіншек өз өмірін қимақ болды

19 июля, 2021 Выкл. Автор Анна Цурканова

Көп балалы ана күйеуінен көрген қорлыққа шыдай алмай, өзіне-өзі қол жұмсамақ болған, деп хабарлайды vera.kz

Қорлықпен өткен 7 жыл. 31 жастағы Гүлмира тұрмыстағы өмірін осылай деп сипаттайды. Жылдар бойы созылған зорлық-зомбылық көп балалы ананы өзіне өзі қол жұмсауға дейін жеткізген, абырой болғанда, қызы мен дәрігерлер аман алып қалды. Ауруханадан соң дағдарыс орталығынан пана тапқан келіншек осында жүріп бесінші қызын босанды. Енді бұл отбасы баспана мен жұмысқа мұқтаж.

Гүлмираның бес қызы аналарын қаумалап қоршап алған. Бала жүректері бір жайсыздықтың болғанын сезіп отыр. Бүлдіршіннің бірі анасының көз жасын сүртіп, көзіне күлімдеп қарайды, бәрі жақсы болатынына сенгісі келеді. Гүлмира қазір аздап өзіне келген, бірақ, отбасындағы өмірі туралы айта бастаса, тағы жылай жөнеледі.

«Тұрмыста зорлық-зомбылық көп көріп, күйеуіммен 7 жыл бірге тұрдым. Ол екінші некем. Ортақ 4 қызым бар. Үнемі ішеді, қол жұмсайды. Отбасымызда ұрыс-керіс жиі болады. Былтырғы желтоқсан айында өзіме өзім қол жұмсадым. Ол кезде жүктіліктің 16 аптасында едім. Ауруханада 5 күн жатып шықтым. Интернеттен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау орталықтарын іздедім. Малика апайға хабарластым, «Ауруханадан шыққан соң бізге кел» деді», – дейді «Көмек» дағдарыс орталығында жүрген Гүлмира.

Гүлмира бұған дейін де тағдырын өзгертуге тырысып көрген. 2019 жылы жұбайымен ажырасып, Сарыағаштағы әкесінің үйіне кетеді. Әкесі егер қызы қорлық көрсеткен күйеуіне қайта оралмайтын болса, қолдау көрсететінін айтқан. Дегенмен, күйеуі ішімдікке тәуелділіктен емделіп шыққанын айтып, үйіне келіп, жалынып тұрып алыпты. Гүлмира сеніп, қайта оралады. Жарты жылдай жақсы өткен күндер кейін қайтадан қорлау мен соққыға жығуға ұласады. Содан ешкімге керек емеспін деп түсінген келіншек өмірімен қош айтыспақ та болады. Қызы құтқарып қалыпты.

«Сол күні моншаға барған едік. Ол ішпеген, бірақ, бәрімізге ұрсып, балағаттап кетті. Содан үйге келіп, ұзақ ойландым. «Ішкен кезіндегісі мақұл, сау кезінде де ұрысқаны несі? Сонда ешкімге керегім болмағаны ма» деп уайымдадым. Содан ата-енемнің қан қысымына қарсы дәрілері бар еді, соның біразын іштім. Жағдайым нашарлап, құлап, әлсіреп қалдым. Мені көрген 7 жасар қызым жедел жәрдемге хабарласып, дәрігерлерге мекенжайды айтып, үйге шақырды. Бригада келіп, құтқарып қалды», – дейді Гүлмира.

«Ол маған хабарласып, өзіме-өзім қол жұмсап, ауруханада жатырмын. Ары қарай не істерімді білмеймін дейді. 7 жылдан бері көрген күніне шағымданды. Мен оған 4 қызың бар, сен олар үшін керексің дедім. Ары қарай өмір сүру үшін бірге жұмыс істейміз дедім», – дейді «Көмек» дағдарыс орталығының директоры Малика Жүсіпова.

Орталық директоры қайырымды жандардан Гүлмираға уақытша баспана мен жұмыс тауып беруді сұранады. Көп балалы ана дәмді тағамдар пісіріп, тігіс тіге алады. Кенже қызы 2 айлық, дегенмен, тапсырыстар алуына болады дейді директор.

Гүлмираның қауіпсіздігі үшін оған қатысты бар ақпаратты «Көмек» дағдарыс орталығының директоры Жүсіпова Малика Әбдірашқызына +7 775 465 43 18 нөмірімен хабарласып, біле аласыздар.

Еске сала кетейік, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» — көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі.
«Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасының чатына https://chat.whatsapp.com/FBvyTtB6Lr8Fv2uEza7ihl сілтемесі арқылы қосылуға болады.
Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.

Последние новости Шымкента: