«Мейірімді сиқыршы» қоғамдық қоры ерекше балаларға демеушілер іздейді

«Мейірімді сиқыршы» қоғамдық қоры ерекше балаларға демеушілер іздейді

25 мая, 2021 Выкл. Автор Анна Цурканова

Даун синдромы бар балаларды оңалтуға қаржы қажет, деп хабарлайды vera.kz

«Қайырымдылық кәрзеңкесі» жобасына Даун синдромы бар балаларға арналған қоғамдық қор хабарласып, демеуші іздеуді өтінеді. «Мейірімді сиқыршы» қоғамдық қоры өткен жылдың қараша айында ашылған, содан бері ерекше балалары бар 50 отбасының басын қосып отыр.

«Бұл – әділет органында ресми түрде тіркелген қор. Қазір демеушілерді іздестірудеміз. Жақында өткен іс-шарамызға демеушілер көмектесіп, сәтті өтуіне қолдау көрсетті. Алға қойып отырған мақсатымыз үлкен, Түркістан облысын да қамтысақ дейміз. Мұндай іс-шараларды өткізудегі мақсатымыз – ерекше баласы бар аналар қоғаммен араласса екен, шеттеп қалмаса екен дейміз. Ерекше балалардың басқа балалардан кемшілігі жоқ, барлығы да тең дәрежеде екенін көпшілік түсінгенін қалаймыз. Біздің қордың ұраны – «Әр жүрекке күн шуағы жетсін!», – дейді Шымкент қаласындағы Даун синдромы бар балалар қорының президенті Севара Назарметова.

Даун синдромы – әлемнің барлық аймағында кездесетін туа бітті патология. Ол көбінесе баланың физикалық моторика қозғалысы мен денсаулықтың өзгеруіне әкеп соқтырады. Мұндай балалар өсіп-дамуы үшін оларға күн сайын дәрігерлердің көмегі, сонымен қоса инклюзивті білім қажет. «Мейірімді сиқыршы» қоғамдық қоры қазіргі таңда «күн шуақты» баласы бар отбасыларға қажет барлық медициналық кеңес ұсына алады, ал оңалтуға арналған арнайы құралдары әзірге жоқ.

«Қазір фонд құрылу үстінде, бізге қолдау мен көмек қажет. Нақты айтқанда біздің орталықтың, «күн шуақты» балалардың үйін жаасақтау керек. Нұрсәт шағынауданында орналасқан қорымыз әзірге дамыту орталығы ретінде жұмыс істеп тұр, бізде логопедтер, дефектологтар мен психологтар қабылдайды. Психологтар балаларға да, олардың ата-аналарына да кешенді көмек көрсетеді. Яғни, балаға қажеттінің барлығы бізден табылады», – деп қосты Севара Назарметова.

Даун синдромы – бұл кездейсоқ генетикалық өзгеріс. Ол инфекциялық ауруларға, радиация немесе гендік өзгеріске ұшыраған тағамды тұтынуға байланысты емес. Сонымен қоса күрделі өткен жүктілік пен ауыр босану да себеп емес. Сондықтан баласына осынау диагноз қойылған ата-аналар өздерін кінәламауы тиіс. Перзентін осы өмірге бейімдеуі керек, ал ол үшін арнайы мамандары бар оңалту орталықтары қажет-ақ. Өкінішке қарай, мұндай мамандар жетіспейді дейді «күн шуақты» балалардың ата-аналары.

«Біздің ойымызша, түрлі жастағы ерекше балаларымызды оңалту үлкен мәселе болып тұр. Жаңа туған нәрестенің мойны бекіп, басын ұстауы үшін, отыра алуы үшін, дер кезінде жүре алуы үшін оңалту қажет. Оларға оңалту бір сәт емес, үнемі керек, ал оны көп ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Мектепке баратын балаларды бірінші сыныпқа дайындау керек. Оған қоса біздерге, ата-аналарға да дайындық қажет. Себебі, бала ең алдымен ата-анасын тыңдайды. Осындай ата-аналар мен балаларға мемлекет немесе демеушілер тарапынан қолдау болса, тіпті жақсы болар еді», – дейді Даун синдромы қойылған 5 жасар баланың анасы Дана Қабылбекова.

«Расын айтсақ, мамандандырылған орталықтар жетіспейді. Біздің балаларымызға көмектесетін барлық маманы бар арнайы орталықтар болса. Біздің қаламызда да, мысалы, арнайы үйірмелер, жүзу топтары, ине терапиясы болғанын армандаймыз. Біздің интернатта күндізгі стационарда болдық, дегенмен, онда тек біздің ерекше балалар ғана емес, басқа ауыр диагнозы бар, мысалы, ДЦП балалар да болады. Дәл осындай «күн шуақты» балаларға арналған орталық болса, біздің балаларымыз бір-бірімен ойнап, араласса екен», – дейді Даун синдромы бар 7 жасар қыздың анасы Елена Шашкина.

Даун синдромы бар адамдардың халықаралық күніне орай «Мейірімді сиқыршы» және «Ерекше жол» екі қоғамдық қоры бірге мерекелік кеш ұйымдастырып, онда балалар өз өнерлерін ересектерге паш етті. Олар ән салды, тақпақ айтып, би билейді. Ал ата-аналары білікті дәрігерлермен кездесті.

Шымкент қаласындағы ерекше дамуды қажет ететін Даун синдромды балаларға арналған «Мейірімді сиқыршы» қоғамдық қоры «күн шуақты» балаларды бір ортаға біріктіруге дайын, бірақ ол үшін арнайы тренажерлар, дамыту ойыншықтары, сыйлықтар мен басқа да қажеттіліктерді сатып алуға демеушілердің көмегі қажет.

Егер осы қорға қолдау көрсеткіңіз келсе, Шымкент қаласы, Нұрсәт шағынауданы, Астана 71/2 тұрғын үй кешеніне келіңіз немесе +7 778 054 80 00 нөміріне хабарласуға болады.

Жақсылық жасап жарысайық. Біздің чатқа қосылыңыз: https://chat.whatsapp.com/FBvyTtB6Lr8Fv2uEza7ihl

Еске салайық, «Қайырымдылық кәрзеңкесі» – көмекке мұқтаж және қайырымды жандардың бірлестігі. Біз мұнда көмек сұраған адамдар ғана емес, оларға қол ұшын соза алатын қайырымды жандар туралы да ақпаратпен бөліскіміз келеді. Кейде қиын жағдайға тап болған отбасыға бір сөмке азық-түлік алып берудің немесе жалғызілікті қарияның шаруасына көмектесудің өзі үлкен қолдау болады. Мұндай қайырымдылықтан басқалар да үлгі алса деп жариялау да көмек.

Жоба АҚШ халықаралық даму агенттінің (USAID) қолдауымен Орта Азиялық MediaCAMP бағдарламасының аясында Internews гранты қаржысымен жүзеге асырылады.

Последние новости Шымкента: